Бүгін Алматыда ашаршылық құрбандарына ареналған ескерткішке гүл шоғы қойылды
- авторОймақ
- Бүгін, 13:06
- 24
Бүгін, 31 мамыр күні Алматыдағы «Қарағайлы» саябағында 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Іс-шара Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылды.
Оған Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қала басшылығы, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, қаламгерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
31 мамыр — Қазақстан тарихындағы тағылымы терең күндердің бірі. Бұл күні саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық нәубетінің құрбаны болған миллиондаған адамның рухына тағзым етіледі. Тәуелсіздік жылдарында тарихи әділдікті қалпына келтіру, жазықсыз жапа шеккен азаматтарды ақтау және өткеннің қасіретті кезеңдерін ұрпақ жадында сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Алматыда осы айтулы датаға орай іс-шаралар күні бойы жалғасады. Сонымен қатар осы күндері шаһарда ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, тарихи-ағартушылық дәрістер, кітап және фотокөрмелер, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесулері және өзге де тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




