"Михаил Қазақстан спортының мәртебесін көтерді": Байрамуков Шайдаровтың жалақасына қатысты мәселеге пікір білдірді
"Шайдоровтың жетістігі – Қазақстан спорты үшін үлкен оқиға".
Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, еркін күрес шебері Ислам Байрамуков мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты туындаған жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
Байрамуковтың айтуынша, Шайдоровтың жетістігі – Қазақстан спорты үшін үлкен оқиға. Ол спортшының әлемдік деңгейде жеңіске жетіп, елге 32 жылдан кейін алтын медаль сыйлағанын атап өтті.
Олимпиада жүлдегері бұл жағдайға спорт саласында ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде қарайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мәселені үлкен дауға айналдырмай, өзара келісім арқылы шешуге болады.
Ол спорттағы қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, спортшыларға берілетін мемлекеттік сыйақылар мен төлемдер салық төлеушілердің қаражаты есебінен бөлінеді.
Байрамуков Қазақстан спорты дамып келе жатқанын айтып, Туризм және спорт министрлігінің жұмысын оң бағалады.
Сонымен қатар ол бұрынғы спортшылардың салада қызмет етуін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тәжірибелі мамандардың білімі мен жолы жас буын үшін қажет.
Сөз соңында Ислам Байрамуков қоғамды бұл мәселені ушықтырмай, сындарлы жолмен шешуге шақырды.
Бұған дейін Қазақстанның фристайл-могул құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина да Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты пікір білдірген еді. Оның айтуынша, қысқы спорт түрлерінің өкілдері сияқты Михаил Шайдоров та 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі келісімшартқа қол қойған.
Круглыхина құжаттарды уақытылы рәсімдеуге тек федерация ғана емес, спортшының менеджерлері мен агенттері де жауапты болғанын айтты.