Қазақстандық азаматтар 78 елге визасыз бара алады
Қазақстан төлқұжаты Henley Passport Index халықаралық рейтингінде өз позициясын жақсартып, 57-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан азаматтары әлемнің 78 еліне визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен сапарлай алады.
Соңғы жылдары қазақстандық төлқұжаттың ықпалдылығы тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, өткен жылы еліміз бұл тізімде 61-орында тұрса, биыл төрт сатыға жоғарылаған. Сарапшылардың дерегінше, соңғы екі жарым жыл ішінде Қазақстан паспортының рейтингі 13 орынға өскен, бұл оның халықаралық деңгейдегі маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстандықтар үшін 30 күнге дейін визасыз саяхат мүмкіндігі бар елдердің қатарында Қытай, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, сондай-ақ Бразилия мен Эквадор сияқты мемлекеттер бар. Бұл тізімге сонымен қатар Филиппин, Мальдив аралдары, Сербия және Вьетнам да кіреді.
Кейбір елдерде визасыз болу мерзімі әртүрлі белгіленген. Мысалы, Иран мен Гонконгта 14 күн, Аргентинада 30 күн болса, Тунисте бұл мерзім 90 күнге дейін созылады. Оңтүстік Кореяға 30 күнге визасыз кіру үшін сапар алдында K-ETA электронды рұқсатын рәсімдеу қажет. Түркияда 90 күнге, ал Грузияда бір жылға дейін визасыз жүруге рұқсат етілген. Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты елдерде 30 күннен артық болған жағдайда тіркеуден өту талап етіледі.
Визасыз режимнен бөлек, бірқатар мемлекет Қазақстан азаматтарына визаны елге келген соң әуежайда немесе электронды түрде жеңілдетілген тәртіппен алуға мүмкіндік береді. Олардың қатарында Индонезия, Маврикий, Замбия, Намибия және Доминикан Республикасы бар. Сонымен қатар Армения, Беларусь, Молдова, Моңғолия және Тәжікстанға да еш кедергісіз сапар шегуге болады.