Мұқасаннан таяқ жеген: әншінің дауы әлі сотқа жетпепті
"Бірақ дәл қазір тергеу қай бағытта жүріп жатқанын анық білмейміз".
Әншілер арасындағы жанжал. «Мұқасаннан таяқ жедім» деген Ғалымжанның ісі арада жарты жыл өтсе де, сотқа жетпеген. Тіпті «арызыңды қайтып ал» дегендей сес көрсетіп жатыр дейді. Кезінде «Нұр-Мұқасан» тобының арт-директоры болған жігіт қазір үреймен өмір сүріп жатқанын айтады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Дау жарты жыл бұрын аталған дуэттен басталған. Өзінің әнін бұрынғы серігі Нұрлан мен арт-директоры Ғалымжанның орындауы Мұқасанға ұнамай қалған көрінеді. «Автор құқығын бұздыңдар» деген Мұқасан, кездесуге шақырып алып, артынан соққыға жықты дейді бұрынғы директоры. Тіпті қасына екі жігіт қосып, үшеуі тепкінің астына алғанын айтады.
Бұл әнші негізі Мұқасанмен кезінде қоян-қолтық араласқан екен. Баласына кіндік әке де болған. «Мұқасаннан таяқ жеймін деген үш ұйықтасам түсіме де кірмепті» дейді. Айтуынша, тәртіп сақшылары сол күні жұдырығы жуан Мұқасанды емес, таяқ жеп, соққының астында қалған Ғалымжанды алып кеткен.
Мәселенің мән-жайын білмек болып Мұқасанға да хабарластық. Әнші бізбен кездесуден бас тартты. Тек өзінің ешкімге жұдырық ала жүгірмегенін айтып қалды.
Ғалымжан Сүлеймен өз өмірі үшін қорқатынын айтады. Бір ай бұрын ғана бәз біреулер сес көрсеткен көрінеді. Көлігінің дөңгелегін босатып, көшеде бетперде киген бөгде екі азамат «қыр көрсетті» дейді. Адвокатының айтуынша, қанша арыз жазса да, әлі күнге дейін полиция департаменті істі сотқа жеткізбеген.
Заңгер: Инга Иманбай әуелі 108-бен қозғалған, кейін менің қатысуыммен 107 баптың 2-ші тармағына ауысты деп отыр.
Ал Алматы полиция департаментіндегілер тергеудің аяқталуға жақындағанын мәлімдеді.
Әншілер арасындағы даудан депутаттар да хабардар. Олар автор құқығына қатысты мәселені заң аясында шешу керек екенін айтса, енді бірі өнер иелері де - адам, олар да ашуға ерік береді деп отыр.
Аталған оқиғадан соң Ғалымжан Сүлеймен мұрнына ота жасатқан. «Денсаулығыма зиян келді» деген әнші Мұқасан мен қасында болған жігіттердің жазаланғанын қалайды. Енді «Нұр-Мұқасан» тобы төңірегіндегі даудың нүктесін сот қоймақ.