сәрсенбі, 27 мамыр, 2026 14:43

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мұқасаннан таяқ жеген: әншінің дауы әлі сотқа жетпепті

Мұқасаннан таяқ жеген: әншінің дауы әлі сотқа жетпепті
ашық дереккөз
"Бірақ дәл қазір тергеу қай бағытта жүріп жатқанын анық білмейміз".

Әншілер арасындағы жанжал. «Мұқасаннан таяқ жедім» деген Ғалымжанның ісі арада жарты жыл өтсе де, сотқа жетпеген. Тіпті «арызыңды қайтып ал» дегендей сес көрсетіп жатыр дейді. Кезінде «Нұр-Мұқасан» тобының арт-директоры болған жігіт қазір үреймен өмір сүріп жатқанын айтады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Дау жарты жыл бұрын аталған дуэттен басталған. Өзінің әнін бұрынғы серігі Нұрлан мен арт-директоры Ғалымжанның орындауы Мұқасанға ұнамай қалған көрінеді. «Автор құқығын бұздыңдар» деген Мұқасан, кездесуге шақырып алып, артынан соққыға жықты дейді бұрынғы директоры. Тіпті қасына екі жігіт қосып, үшеуі тепкінің астына алғанын айтады. 

- Үйіне бардым. Басында қатігездік көрсетіп, боқтап-бұралады. «Мен сізбен отырып сөйлесуге келдім, ән жайында, неге маған ренжіп жатырсыз, неге сотқа беретін жағдайға жетіп жатырсыз? Сіздің ойыңызша, әндерді айтып жүрсіңдер, сендер тойға шығып жүрсіңдер, видео түсіріп, әлеуметтік желіге салыпсыңдар. Солардың бәрін «құрт, өшір», сосын Нұрланға мүлдем жолама». Ақиқатты бетіне айттым, түсінді. Егер біз «Нұр-Мұқасан» боп шығып жүрсек екен. Мен шықтым, кеттім. Артымнан ана жігіттер бір нәрсеге айдап салды ма? Шығып бара жатқам, артымнан шығып, жабылып ұрып, үшеуі үш жақтан осындай жағдай болды, - дейді әнші Ғалымжан Сүлеймен.

Бұл әнші негізі Мұқасанмен кезінде қоян-қолтық араласқан екен. Баласына кіндік әке де болған. «Мұқасаннан таяқ жеймін деген үш ұйықтасам түсіме де кірмепті» дейді. Айтуынша, тәртіп сақшылары сол күні жұдырығы жуан Мұқасанды емес, таяқ жеп, соққының астында қалған Ғалымжанды алып кеткен. 

- Сол таяқ жеп, ұрып жатқан кезінде 102 келіп, астындағы мені алып кеткен ғой. Әй-шәйсыз, ешқандай анықтаусыз. Талабым - істің әділ, ашық шешілуі. Бұлай бұрмаланып, не боп жатқанын да ашық білмейміз. Анам үшін қорқам. Осы іс басталғалы, ол кісі уайым-қайғымен, үйімізде я ұйқы жоқ, я күлкі жоқ. Маған өте ауыр тиетіні, мен жай ғана таныс болсам екен, бұл кісімен. Сонау 2013 жылдан бері «Нұр-Мұқасанның» жырын жырлап, тұшпағын бірге илеп жүрген адаммын ғой, - дейді әнші Ғалымжан Сүлеймен. 

Мәселенің мән-жайын білмек болып Мұқасанға да хабарластық. Әнші бізбен кездесуден бас тартты. Тек өзінің ешкімге жұдырық ала жүгірмегенін айтып қалды. 

- Заң жүзінде барлығы тергелуде. Барлығы, құзырлы органдар, барлығы жұмыс істеп жатыр. Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Ертең барлығы анықталады, сол кезде кімнің-кім екені анық болады. Олар сол жала жапқаны үшін заң жүзінде, олар өздері тиісті жазаларын алады. Олардың айтып жатқан нәрсесінің барлығы өтірік. Ол менен таяқ жеген жоқ, ол Құдайдан таяқ жеді,  - дейді әнші Мұқасан Шахзадаев. 

Ғалымжан Сүлеймен өз өмірі үшін қорқатынын айтады. Бір ай бұрын ғана бәз біреулер сес көрсеткен көрінеді. Көлігінің дөңгелегін босатып, көшеде бетперде киген бөгде екі азамат «қыр көрсетті» дейді. Адвокатының айтуынша, қанша арыз жазса да, әлі күнге дейін полиция департаменті істі сотқа жеткізбеген. 

Заңгер: Инга Иманбай әуелі 108-бен қозғалған, кейін менің қатысуыммен 107 баптың 2-ші тармағына ауысты деп отыр.

- Бірақ дәл қазір тергеу қай бағытта жүріп жатқанын анық білмейміз. Себебі, тергеу әректтеріне бізді әлі де шақырған жоқ. Сондықтан қазір ол бапты ауыстырып жатыр ма, жеңілдетіп жатыр ма, басқасын, анық, сіздерге айта алмаймыз. Бұл жерде 107-баптың 2-тармағының қылмыстық құрамын көріп отырмын. Көз жеткізіп отырмын және дәл сол баппен іс сотқа жетуі үшін, дәл сол баппен кінәлі азаматтар өз жазасын алуы үшін заң аясында қандай әрекет бар, соның барлығын жасаймын, - деді заңгер. 

Ал Алматы полиция департаментіндегілер тергеудің аяқталуға жақындағанын мәлімдеді. 

- Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу аяқталу сатысында. Осы айдың соңында тараптарға тергеудің аяқталғаны жайлы хабардар етіледі. Содан кейін іс материалдарымен тараптар танысып, одан кейін қылмыстық іс материалдары аудандық прокуратураға жіберіледі. Барлық жасалған тергеу әрекеті сараптама, зерттеулердің заңдылығын тексерген прокуратура қызметкрелері қылмыстық іс материалдарын сотқа жөнелтеді, - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Әншілер арасындағы даудан депутаттар да хабардар. Олар автор құқығына қатысты мәселені заң аясында шешу керек екенін айтса, енді бірі өнер иелері де - адам, олар да ашуға ерік береді деп отыр.  

- Қандай да бір құқық бұзылған болса, біріншіден, бұл жұдырықпен емес, бұл заңға сәйкес шешілу керек. Екіншіден, өнер адамы, басқа болсын, оларды жалпы жұрттың арасында талқылаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бір азамат бір азаматқа қол жұмсап жатса, соққыға жығып жатса, тиісті құқық қорғау органдарына шағымданатын болса, оған тиісті санкциялар бар. Сондықтан мұның барлығы заң аясында шешілу керек және де автор құқығы мәселесі болса, мұны да шешіп алудың ешқандай қиындығы жоқ, -дейді Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы. 

Аталған оқиғадан соң Ғалымжан Сүлеймен мұрнына ота жасатқан. «Денсаулығыма зиян келді» деген әнші Мұқасан мен қасында болған жігіттердің жазаланғанын қалайды. Енді «Нұр-Мұқасан» тобы төңірегіндегі даудың нүктесін сот қоймақ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар