сенбі, 23 мамыр, 2026 12:17

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Каспий мәселесі Баку төрінде көтерілді

Каспий мәселесі Баку төрінде көтерілді
"Жаңа адамдар" қозғалысы
Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен 13-ші Дүниежүзілік қалалық форумда (WUF13) Каспий теңізінің экологиялық ахуалы халықаралық деңгейде талқыланды. Әлемнің 182 елінен келген сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелері қатысқан алаңда климат өзгерісі, урбанистика және тұрақты даму мәселелері сөз болды.

Форум аясында ұйымдастырылған «Climate Resilient Cities and Communities across the Caspian Region: Unlocking Climate Finance for Urban Adaptation» атты экологиялық сессияда «Жаңа адамдар» қозғалысының AntiTrash азаматтық науқаны Каспий теңізін сақтау мәселесін көтерді. Сессия барысында өңірдегі климатқа төзімді қалалар тақырыбы ғана емес, адамның табиғатқа және қоршаған ортаға деген жауапкершілігі де кеңінен талқыланды.

Белсенділер бұған дейін де Қазақстан ішінде Каспий мәселесіне назар аударып келген. Ақтауда теңіз жағалауында экологиялық акциялар өткізіп, Каспий маңындағы мемлекеттерге үндеу жасаған болатын. Сондай-ақ өңірлік экологиялық саммиттерде теңіз экожүйесінің болашағы бірнеше мәрте көтерілген. Бакудегі халықаралық форум бұл бастаманың жалғасына айналды.

Соңғы жылдары Каспий теңізінің экологиялық жағдайы халықаралық күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың біріне айналып келеді. Сарапшылар теңіз деңгейінің төмендеуі, биоалуантүрліліктің азаюы және климаттық өзгерістердің әсері өңір үшін елеулі қауіп екенін айтып жүр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Каспийді сақтау мәселесін халықаралық және ішкі алаңдарда бірнеше рет көтерген болатын.

Форум барысында «Жаңа адамдар» қозғалысы Каспийге арналған көркем инсталляция ұсынды. Толқын қозғалысын бейнелейтін ерекше көйлек теңіз экожүйесінің символы ретінде көрсетілді. Инсталляция арқылы теңіз деңгейінің төмендеуі мен табиғи өзгерістердің салдары көркем түрде жеткізілді. Ал «Save the Caspian Sea» жазуы адам әрекеті мен табиғат тағдырының өзара байланысын меңзейтін басты белгіге айналды.

«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Бауыржан Аманов Каспий мәселесі тек бір елдің емес, бүкіл өңірдің ортақ жауапкершілігі екенін айтты.

– Біз Каспий тағдырына бейжай қарамайтын жастарға, азаматтық қоғамға және теңіз жағалауындағы барлық мемлекеттерге үндеу жасаймыз. Каспийдің болашағы – келер ұрпақ алдындағы ортақ міндет. Табиғатты сақтау әр адамның өзінен басталады, – деді ол.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар