«Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасының авторы, журналист Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы мен оның директоры Азамат Үсімбеков туралы бұған дейін жариялаған ақпаратының жалған екенін мойындап, ресми түрде теріске шығарды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Мәлімдемеге сәйкес, Омарова осы жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram және Telegram парақшаларында аталған компанияның Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысы бойынша «Ремстрой-1» жұмысшыларына қарызы бар деген ақпаратты таратқан болатын.
«Мен жариялаған мәліметтер шындыққа жанаспайды», — деді журналист.
Оның айтуынша, қолында компанияның қарызы жоқтығын растайтын құжаттар болса да, ол жалған ақпарат таратуды жалғастырған.
«Мен журналистиканың негізгі қағидалары мен «Масс-медиа туралы» заңда көрсетілген объективтілік және сенімділік принциптерін бұзғанымды мойындаймын», — деді Ботагөз Омарова. Ол мұндай мазмұндағы жазбаларды негізінен оқырмандардың санын арттыру және аудиторияның назарын аудару мақсатында жасағанын ашып айтты.
Журналист компаниядан және өз оқырмандарынан кешірім сұрап, істеген әрекетіне өкінетінін жеткізді.
«Менің жазбаларым «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-нің және оның құрылтайшыларының беделіне нұқсан келтірді. Осы оқиғаға байланысты шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын», — деді ол.
Сонымен қатар, журналист Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін түсінетінін атап өтіп, әріптестерін ақпаратты жарияламас бұрын мұқият тексеруге шақырды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






