Қарағанды облысында гараж өртеніп, жасөспірім көз жұмды
2026 жылғы 19 мамыр күні сағат 20:27-де Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Молодёжная көшесінде орналасқан гараждардың бірінде өрт шықты.
Оқиға салдарынан гараж шатырының ағаш қаңқасы, қолданылған заттар және гараж ішіндегі екі мотоциклдің жанғыш бөлшектері өртенген.
24.kz жазуынша, өрттің жалпы аумағы 20 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды «24KZ». «Өртті сөндіру барысында оқиға орнынан 2008 жылы туған жасөспірімнің күйіп кеткен мәйіті табылды. Сонымен қатар, күйік белгілері бар 2008 және 2009 жылы туған екі жасөспірім жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілді» деп хабарлады ведомства. Аталған факті бойынша облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қылмыстық іс тіркеді. Алдын ала болжам бойынша, гараж ішінде бензинді құю кезінде ашық от көзінен жанармай буы тұтанып, соның салдарынан өрт шыққан.