Mangyshlaq Express фильмінің режиссері Мақсат Оспанов. Фильм кезінде Алматыдан Маңғыстауға дейін үш күн жүретін, Қазақстандағы ең ұзақ теміржол бағыттарының бірі болған пойыз атауы. Елдің басым бөлігі кем дегенде бір рет осы пойызбен сапар шеккені анық.
Фильм оқиғасы дәл осындай пойыз ішінде өрбиді. Басты кейіпкер – мейірімді жолсерік Шолпан. Ол бала күнінен өзгелерге «Жоқ» деген сөзді айтудан мүлде аулақ, сондықтан кімнің болса да өтінішін жерге тастамай өскен қыз. Бұл әдеті өз кәсібіне келгенге дейін қалмай, әріптесінің өтініші бойынша басқа қызметкердің орнына жұмысқа шығып, күтпеген қиындықтарға тап болады. Оның вагонында сан түрлі жолаушылар сапар шегіп бара жатады: қылмыскерді күзетіп келе жатқан полицейлер, шетелдік туристер, әскерден оралған сарбаз, егде әйел, балалы отбасы, көңілді музыканттар және Думан есімді жігіт. Кейін жолаушылардың арасында тексеруші ревизордың жасырын жүргені белгілі болып, Шолпан оны қандай жағдай болса да табуға тырысады. Бастапқыда бәрі кәдімгі сапар секілді көрінеді. Бірақ көп ұзамай Шолпан жолаушылардың арасында жасырын тексерумен жүрген ревизор бар екенін біледі. Оның кім екенін анықтауға тырысқан Шолпан өз бетінше тергеу жүргізе бастайды. Алайда ол күтпеген құпиялар мен қауіпті жағдайлардың ортасына тап болады. Осылайша қарапайым сапар оқиғасы шиеленіске толы шытырманға айналып, пойыздағы әр жолаушы тағдырын өзгертетін оқиғалардың бір бөлшегіне айналады.

Басты рөлді сомдаған Айшолпан Байтугел үшін бұл – шығармашылық жолындағы алғашқы ірі рөлдердің бірі. Көрермен оны бұған дейін «Қолыңнан келсе алып қаш» және «Майор мырза» жобалары арқылы таныған болатын. Ал режиссер Мақсат Оспанов – соңғы жылдары қазақ киносына өнімді еңбек етіп жүрген режиссерлердің бірі. Былтыр оның бірден төрт фильмі прокатқа шықса, биылғы алғашқы туындысы – осы картина.
– Біз фильмді қыстың суығында түсірдік. Теміржол бойындағы түсірілімнің өз қиындығы болды. Соның бәріне шыдап, бірге еңбек еткен командаға алғыс айтамын. Пойыз – өз алдына бөлек әлем, бөлек өмір. Пойызбен сапарлаған әр адам бұл фильмнен өзіне таныс бір сәтті табады деп ойлаймын, – деді ол.
Картинада жұлдызды актерлік құрам жиналған. Көрермендер екінші планда Қанат Тасханды, Ерболат Алқожаны, Олжас Тоғымбетті, Қаракөз Тілеубекованы, Гүлназ Жоланованы, Бексұлтан Піләлді және Арнұр Қабдолдаевты көреді. Сонымен қатар танымал шоумен Нұрлан Еспанов та фильмдегі жарқын образдардың бірімен ерекшеленген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





