Елордада кең ауқымды профилактикалық акция өтті
Астана қаласында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық акция өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» идеологиясы мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Астана – есірткісіз қала» ұранымен ұйымдастырылды
Акцияны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар, әсіресе, жастар арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның қауіпсіздігі мен болашағы үшін жауапкершілікті арттыру.
Акцияға елордадан шамамен 300 ерікті қатысты. Сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері де жұмылдырылды.
Іс-шараға қатысушылар «Астана – есірткісіз қала» деген ұранмен флешмоб ұйымдастырды.
Сонымен қатар акция аясында саябақта экологиялық сенбілік өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық тек қала көшелерінде ғана емес, адамның ойы мен өмір салтында да көрініс табуы тиіс.
Сондай-ақ волонтерлер саябақта және Есіл жағалауы аумағында ақпараттық буклеттер таратты. Онда нашақорлық мәселесіне тап болған немесе көмекке мұқтаж азаматтарға арналған анонимді сенім телефондары мен байланыс деректері көрсетілген.