Мектеп бітіру кешін мейрамхана мен табиғат аясында өткізуге тыйым салынды
- авторОймақ
- Бүгін, 12:07
- 126
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 млн-нан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты 31 мыңнан астам оқушы үздік аяқтайды деп күтіліп отыр. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы – үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етуде.
Ведомство өкілдерінің хабарламасына сәйкес, оқу жылының аяқталуына орай 25 мамырда еліміздің мектептерінде "Білімім – Отаныма!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.
Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі ведомство мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынатынын ескертті.
"Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






