Әлеумет

Той азайды, Қазақстандағы неке статистикасы қандай?

Соңғы екі-үш жылда қазақстандықтардың некеге тұру жиілігі айтарлықтай төмендеді: 2024 жылы тіркелген 123,6 мың некеден 2025 жылы небәрі 115,9 мыңға дейін азайды.

Некелесу серпіні: Ұзақ мерзімді көрініс бірсарынды емес. Маятник тәрізді құбылып тұр. Айталық, 2023 жылы 120,8 мың неке тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9%-ға азайған. Бірақ келесі жылы бұл тренд кері бұрылып, 2024 жылы неке саны 123,6 мыңға (2,2%-ға артық) жетті. Ал 2025 жылы тағы да төмендеу тіркеліп, елде 115,9 мың неке қиылды. Жалпы некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69-ды құрады. Яғни бұл — біржола күйреу емес, баяу төмендеу тенденциясы бар толқынды процесс.

Ажырасу үрдісі: Мұнда да қоғамдық үрей мен шынайы дерек арасында айырмашылық бар. Ажырасу саны соңғы жылдары күрт өспеген, керісінше, салыстырмалы түрде тұрақты. Мәселен, 2023 жылы ажырасу көрсеткіші 2022 жылғы деңгейден 9,6%-ға азайып, 40,2 мыңды құрады. 2024 жылы бұл сан 40,5 мың (1000 адамға 2,01) болса, 2025 жылы аздап өсім байқалып, 45,7 мың ажырасу (1000 адамға 2,24) тіркелді.

Демек, «отбасы институты күйреді» деген тезисті ажырасудың жаппай белең алуы емес, негізінен жаңа некелердің азаюы қалыптастырып отыр.

Маңызды деталь: Ажырасулардың ең үлкен үлесі (35%) 1 жылдан 4 жылға дейін отау құрғандарға тиесілі. Ал үйленгеннен кейін бір жыл ішінде айырылысатындар үлесі небары 8%. Бұл — отбасы институтының жалпы күйреуін емес, көбіне жас шаңырақтардың алғашқы жылдардағы тұрмыстық сындарға төтеп бере алмау мәселесін айқындайды.