Қоғам

Alatau City алаңында аэротакси алғаш рет ұшты

Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Қазақстан өңірде алғаш рет қалалық әуе мобильділігінің толыққанды экожүйесін дамытуға кірісті. Alatau City алаңында аэротакси ретінде танымал eVTOL электрлі ұшу аппаратының алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.

Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Ұшуды қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясы АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Италия серіктестерімен бірге ұйымдастырған. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 300 млн долларды құрайды.

Сынақ кезінде бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity аппараты таныстырылды. 13 электр моторымен жабдықталған аэротакси сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады. Алғашқы сынақ қауіпсіздік талаптарына сай бортта адамсыз өткізілді.

Іс-шара барысында жүк жеткізуге арналған Keeta Drone және A2Z дрондары да көрсетілді. Олар арнайы UATM цифрлық навигациялық платформасы арқылы басқарылады.

Alatau City-де аэротаксилерге арналған алғашқы вертипорт құрылысы басталды. Болашақта әуе желісі Alatau City, Алматы және облыстағы туристік орындарды байланыстырады. Жоспар бойынша Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі жол небәрі 10–12 минутқа созылады.