Саясат

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келген Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунды, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековті, Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданы, Түрікменстанның Ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыровты және Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатовты қабылдады.

Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік, экстремизммен және басқа да қазіргі сын-қатерлермен күрес мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы ықпалдастықты арттыру өңірде тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтауда маңызды екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және экономикалық тыныс-тіршіліктің онлайн кеңістікке ойысуы киберқауіпсіздік мәселесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді деп санайды.

Мемлекет басшысы өңір елдерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайту мен дамыту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қауіпсіздік мәселесімен тығыз байланысты екенін айтты.

Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзара сенім, тату көршілік, ортақ жауапкершілік негізіндегі ынтымақтастықты ілгерілетуге ерекше мән беретінін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар өзара байланыстарды жолға қоюға, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби қарым-қатынастарды дамытуға және құқық қорғау органдарының қызметіне заманауи технологияларды енгізуге ниетті екендерін растады.

Президент аталған жиынның Орталық Азия мен Қытай аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша серіктестік пен ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.