Қоғам

Ақмолада Отбасы күніне орай "Отбасы ағашы" акциясы аясында 55 ағаш отырғызылды

Көкшетауда Халықаралық отбасы күні қарсаңында түрлі буын өкілдерін біріктірген "Отбасы ағашы" акциясы өтті. Тағылымды шара "Арқар" мәдени композициясы маңында ұйымдастырылып, "Мерейлі отбасы-2026" ұлттық байқауының ресми бастауына арналды.

Акция барысында қатысушылар 55 түп ағаш отырғызды. Әрбір көшет отбасылық құндылықтардың, ұрпақтар сабақтастығының және болашаққа деген қамқорлықтың символына айналды. Іс-шараға "Мерейлі отбасы-2025" байқауының жеңімпаздары, көпбалалы және патронаттық отбасылар, еңбек әулеттері, жас жұбайлар және өзге де отбасылардан құралған 40 отбасы қатысты.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан жиналған қауымды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Каримова құттықтап, отбасының қоғам мен мемлекет дамуындағы айрықша рөлін атап өтті.

Шара қонақтарының ерекше ықыласына өткен жылғы "Мерейлі отбасы" облыстық кезеңінің жүлдегерлері – Хамзиндер отбасы ие болды. Жарты ғасырдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар Бурабай ауданының құрметті азаматтары саналады.

Салтанатты шараның қорытындысында отбасы бірлігі мен берекесінің нышаны – "Шаңырақ" табысталды. Хамзиндер отбасы оны жас жұбайлар – Мәженовтер отбасына табыстап, ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық дәстүрлерге деген құрметті паш етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін отырғызылған ағаштар өңірдің көркін арттырып қана қоймай, берекелі отбасының қоғамдағы ең басты құндылық екенін еске салып тұратын тағылымды белгіге айналмақ.