Саясат

Мәжіліс тарифті бақылауға алуды ұсынды

Қазақстанда интернет тарифтерінің қымбаттауына бақылау күшейтілуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары халыққа қолжетімді әрі сапалы интернет ұсыну мен инвесторлардың мүддесі арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың жолын іздеп жатыр.

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Абуталип Мутали 13 мамыр күні Мәжіліс кулуарында интернет бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, уәкілетті органдар мен реттеушілер тарифтерді тікелей бақылауға қарсы. Себебі бұл нарықтың дамуына кері әсер етіп, инвесторлардың Қазақстанға келу ынтасын төмендетуі мүмкін.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде жасанды интеллект пен цифрландыруды қарқынды дамыту міндетін қойғанын еске салды. Депутаттың пікірінше, баға саясатына шамадан тыс араласу бұл үдерісті баяулатуы ықтимал.

Қазір байланыс операторларының тарифті өз бетінше көтеруіне шектеу қою мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни, интернет бағасын өсіру үшін уәкілетті органның немесе Бәсекелестікті қорғау агенттігінің келісімі қажет болуы мүмкін.