Депутат Дәулет Мұқаев Мәжіліске «тыңшы» көзілдірігін тағып келді: Журналистер наразылық білдіруде
- авторОймақ
- Бүгін, 12:47
- 116
Журналист Ербол Сейілханның айтуынша, халық қалаулысы Парламент ғимаратына бейнекамерасы орнатылған арнайы көзілдірік тағып келген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистер депутаттан сұхбат алып видеоға түсіріп жатқанда ол ерекше көзілдірігінің көмегімен БАҚ өкілдеріне ескертпей оларды сыртынан видеоға түсіріп тұрған.
Журналист Ербол Сейілхан өзінің жазбасында депутаттың бұл әрекетіне шүйлігіп, жеке деректердің қорғалуына қатысты талап қойды:
«Біз Мұқаевты телефонға таспалап тұрсақ, ол қымбат очикімен журналистерді сыртынан түсіріп жүр. Сол көзілдірігіне жазылған видеоны жеке парақшасына жүктеп те қойған!!! Мәселен, депутат “запись” жүріп жатқанын ескерткен жоқ, дереу өшіруді талап етемін!» - деп жазды журналист.
Сейілханның пайымдауынша, депутат журналистердің сұрағына жауап беріп тұрғанда, олардың сөздерін бұрмаламауы үшін осындай қадамға барған болуы мүмкін. Бұған дейін Мұқаев Парламенттің «көк папкасымен» әйелін туған күнімен құттықтағаны үшін сынға қалған болатын, бүгін ол осы жағдайға байланысты түсініктеме берген.
Бұл жағдай тек журналистердің жеке басына ғана емес, мемлекеттік қауіпсіздікке де қатысты сұрақтар туғызып отыр. Ербол Сейілхан Парламенттің қауіпсіздік қызметіне үндеу жасап, мынадай күмән келтірді:
«Депутаттың ғимарат ішінде жасырын камерасы бар құрылғыны пайдалануына ресми рұқсат бар ма? Мәжілісте жиі өтетін «жабық есік» жағдайындағы жиналыстарда мемлекеттік құпиялар талқылануы мүмкін. Егер депутат мұндай көзілдірікпен құпия мәліметтер айтылатын жиынға кірсе, ертең ол ақпараттың желіге тарап кетпеуіне кім кепіл?», - деп жазды ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





