Алаяқтардың арбауына түскен шымкенттікке 1,7 млн теңге қайтарылды
Шымкентте полиция интернет алаяқтарының құрбаны болған тұрғынға 1,7 млн теңгені қайтарып берді.
Қала тұрғыны өзін “Қазпошта” қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамның сөзіне сеніп қалған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғашқы қоңырауда күдікті азаматқа деректерді растау қажет екенін айтып, SMS арқылы келген кодты сұраған. Біраз уақыттан кейін тағы бір адам хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Ол бұған дейін қоңырау шалғандардың алаяқ екенін айтып, тұрғынның сеніміне кірген.
Содан кейін “қауіпсіз сақтау” сылтауымен есепшоттағы ақшаны басқа шотқа аудару қажет екенін жеткізген. Тұрғын банкомат арқылы өз қаражатын шешіп алып, алаяқтар көрсеткен есепшотқа 1,7 млн теңге аударып жіберген.
Кейін алданып қалғанын түсінген азамат полицияға арызданған. Полицейлер жедел әрекет етіп, ақша түскен есепшоттарды анықтап, транзакцияларды уақытылы бұғаттаған. Нәтижесінде жәбірленушінің қаражаты толық көлемде қайтарылды.
Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырады. Құқық қорғаушылар белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеуге, SMS-кодтарды ешкімге айтпауға және жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді.