жексенбі, 10 мамыр, 2026 12:46

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Елде негізгі ҰБТ басталды: талапкерлер саны артты

Елде негізгі ҰБТ басталды: талапкерлер саны артты
Ғылым және жоғары білім министрлігі
Қазақстанда 10 мамырдан бастап негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биылғы тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл ҰБТ-ға қатысуға 240 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік есепке алынғанда тапсырылған өтініш саны 446 мыңнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Тестілеудің алғашқы күні ел бойынша 926 талапкер сынақ тапсырады. Оның 359-ы Астанада тестілеуден өтеді. Жалпы республика бойынша 45 тестілеу пункті жұмыс істейді. Биыл да талапкерлер тест тапсыратын күнін, уақытын және пунктін өздері таңдаған.

ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыратындар басым. Талапкерлердің 74 пайызы мемлекеттік тілді таңдаса, шамамен 26 пайызы орыс тілінде емтихан тапсырады. Ал 851 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтеді.

Бірнеше жылдан бері ең танымал пәндер комбинациясы өзгермей келеді. Биыл да талапкерлердің басым бөлігі «Математика–Физика» пәндерін таңдаған. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов мұны техникалық мамандықтарға қызығушылықтың жоғары болуымен байланыстырды. Оның айтуынша, бұл комбинацияны түлектердің 17,9 пайызы таңдаған. Ал «Биология–Химия» бағытын 14,5 пайыз талапкер таңдаса, шығармашылық емтихан комбинациясына қызығушылық танытқандар 12,4 пайызды құраған.

Биылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пәннен тест тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 сұрақ, оқу және математикалық сауаттылықтан 10 сұрақтан беріледі. Әр бейіндік пән бойынша 40 тапсырма қарастырылған. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл.

Тестілеу уақыты 4 сағатқа созылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут беріледі. Сонымен қатар емтихан кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссия шешімінен кейін жеке кабинетте жарияланады.

Шекті балл мөлшері өзгерген жоқ. Ұлттық жоғары оқу орындары үшін ең төменгі балл – 65. Басқа ЖОО-ларға түсу үшін кемінде 50 балл қажет. Ал «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» бағыттарына 75 балл, «Денсаулық сақтау» саласына 70 балл жинау талап етіледі.

Министрлік тестілеу кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін мәлімдеді. Пункттерде металл іздегіштер орнатылып, аудиторияларда бейнебақылау жүргізіледі. ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар тексеріледі. Ереже бұзған талапкерлердің нәтижесі жойылады.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар