"Бәйтеректің" маңында оғаш суретке түскен жігіт полицияға жеткізілді
Материалдар сотқа жолданды.
Астанадағы "Бәйтерек" монументінің жанында оғаш фотоға түскен 19 жастағы жігіт полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда жігіттің жерге жатып, аяғының арасынан "Бәйтерек" көрінетіндей етіп суретке түскені байқалады. Бұл әрекет желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, көпшілік оны елорданың басты символына көрсетілген құрметсіздік деп бағалаған.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушы анықталып, бөлімшеге жеткізілген. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы – "Ұсақ бұзақылық" бойынша хаттама толтырылған.
Полиция мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіріп, мәдени әрі маңызды нысандарға деген ашық құрметсіздікті білдіретінін атап өтті.
Аталған бап бойынша құқық бұзушыға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы, қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Ал егер бұл әрекет қоғамдық орынды қорлау ретінде танылса, жаза одан да қатаң болуы ықтимал.