Қоғам

Қазақстандық жігіт Лондонда мэр атанды

Лондонның беделді аудандарының бірі – Сент-Джеймсте өткен сайлауда қазақстандық Санжар Әбішев мэр болып сайланды.

Бұл туралы қазақстандық кәсіпкер, Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Қанат Қопбаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Санжар Әбішев қарсыласын 350 дауыспен басып озған. Жалпы сайлауға шамамен 2,3 мың адам қатысқан.

Қанат Қопбаев жаңа мэрдің Қазақстаннан шыққанын және Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұрып жатқанын атап өтті.

LinkedIn желісіндегі мәліметке сәйкес, Санжар Әбішев Malvern College колледжін және университетті тәмамдаған. Әр жылдары Ұлыбританиядағы бірнеше компанияда маркетинг саласында жұмыс істеген.

2016 жылдан бері ол ірі брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар 2015 жылы әлеуметтік жобаларды қолдайтын қайырымдылық ұйымын құрған.

Санжар Әбішев саясатқа кемінде 2022 жылдан бері араласып жүр. Ал 2024 жылы Сент-Джеймс округіндегі Консервативтік партия бөлімшесінің төрағасы болған.

Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, ол аудан тұрғындарымен тұрақты кездесіп, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан.

Айта кетейік, сайлауалды науқан кезінде Санжар Әбішев жарақат алып, бірнеше күн пәтерінде жатып қалған 79 жастағы ер адамды құтқарып қалғаны да белгілі болды.