Жәнібек Әлімханұлы әлемнің үздік боксшылары рейтингінде Канелоны басып озды
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Boxing Metrics нұсқасы бойынша салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшыларының жаңартылған рейтингінде мексикалық Сауль "Канело" Альварестен жоғары орналасты.
Орта салмақта WBO чемпионы саналатын Жәнібек Әлімханұлы рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Ал "Канело" сегізінші сатыда тұр.
Айта кетейік, Жәнібек кейінгі рейтингпен салыстырғанда бір орынға төмендеген. Бұған дейін ол бесінші орында болған, алайда бұл жолы оны ресейлік жартылай ауыр салмақ өкілі Дмитрий Бивол басып озды.
Жәнібек Әлімханұлы кәсіби рингтегі мінсіз көрсеткішін сақтап келеді: 17 жеңіс, жеңіліс жоқ. Оның 12-сі нокаутпен аяқталған. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы сәуірде өткізіп, Франция өкілі Анауэль Нгамиссенгені техникалық нокаутпен жеңген. Қазір Әлімханұлы мельдонийге тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін уақытша жарыстардан шеттетілген. Соған қарамастан WBO оны толыққанды әлем чемпионы мәртебесінде қалдырды.
Ал Сауль "Канело" Альварес америкалық Теренс Кроуфордтан жеңілгеннен кейін рингке қайта оралуға дайындалып жатыр. 2025 жылғы қыркүйекте "Канело" төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіліп, екінші орта салмақтағы барлық чемпиондық белбеуінен айырылды. Осы жекпе-жектен кейін Альварес шынтағына ота жасатып, қалпына келу үшін үзіліс алды.
Boxing Metrics нұсқасы бойынша P4P рейтингінің үздік ондығы:
Наоя Иноуэ — 33-0
Александр Усик — 24-0
Теренс Кроуфорд — 42-0
Шакур Стивенсон — 25-0
Дмитрий Бивол — 24-1
Жәнібек Әлімханұлы — 17-0
Джай Опетая — 30-0
Сауль "Канело" Альварес — 63-3-2
Давид Бенавидес — 32-0
Джесси Родригес — 23-0.
Еске салайық, 2025 жылғы 2 желтоқсанда Voluntary Anti-Doping Association (VADA) жүргізген тексеріс барысында оның ағзасынан тыйым салынған зат анықталған.
Осы жағдайдан кейін World Boxing Organization (WBO) боксшыны 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап 2026 жылдың соңына дейін уақытша шеттету туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар Жәнібек Әлімханұлы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша атағын сақтап қалды.