Димаштың есімі Аргентина мектебінде мәңгі сақталады!
Аргентиналық жанкүйерлер қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге арнап қайырымдылық жобасын іске қосты.
Димаштың ресми сайтының мәлімдеуінше, жоба аясында музыкалық аспаптар жетіспейтін мектептерге көмек көрсетіледі.
Бастаманың мақсаты – балаларға музыкамен айналысуға мүмкіндік беру және олардың талантын дамыту.
Акцияның алғашқы қатысушысы Мар-дель-Плата қаласындағы генерал Хосе де Сан-Мартин атындағы №5 бастауыш мектеп болды. Музыкалық аспаптарды жеткізу үшін жанкүйерлер 400 шақырымнан астам жол жүрген.
Оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қонақтарға қазақстандық жұлдыздың шығармашылық жолы таныстырылып, Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлері туралы айтылды. Мектепте ұлттық киімдер, ақпараттық материалдар мен стендтер қойылған тақырыптық көрме жасақталды.
Ең ерекше сәттердің бірі – мектептегі музыка кабинетіне Димаш Құдайбергеннің есімін беру туралы шешім болды.
«Аргентиналық білім беру мекемелері үшін бұл сирек тәжірибе – әдетте мұндай шешімдер белгілі тұлғалар қайтыс болғаннан кейін қабылданады. Бұл жағдайда Димаш Құдайбергеннің халықаралық мәдениетке қосқан үлесін ескере отырып, ерекше шешім қабылданды», – деп хабарлады жанкүйерлер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба елдің басқа мектептерінде де жалғасады. Олардың пікірінше, музыка адамдарды біріктіріп, балаларға шабыт береді.
Акция Димаштың Аргентинадағы жанкүйерлері мен «La Era Dimash» командасының бірлесуімен жүзеге асырылды. Іс-шара соңында мектеп өкілдері қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.