Экономика

Қазақстанда автосақтандыру бағасы өзгереді: кімдер көбірек төлейді

Қазақстанда міндетті автосақтандыруды есептеудің жаңа ережелері әзірленіп жатыр.

Енді сақтандыру полисінің түпкілікті бағасы өзгеріп, соның салдарынан кейбір жүргізушілер үшін қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Oimaqnews.kz сайты Курсивке сілтеме жасап. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру сыйақысын есептеу тәртібіне өзгерістер әзірледі.

Егер ұсынылған өзгерістер қабылданса, сақтандыру компаниялары полис бағасын 10% шегінде төмендетуге немесе керісінше арттыруға құқылы болады. Бұл ретте баға жүргізушінің тәуекел деңгейін жеке бағалау негізінде қалыптасады.

Сонымен қатар сақтандырудағы жеңілдіктер жүйесі – «бонус-малус» қайта қаралмақ. Енді жол-көлік оқиғаларына түспейтін жүргізушілер үшін ең жоғары жеңілдік 50%-дан 30%-ға дейін төмендейді. Осыған байланысты тәртіпті жүргізушілер де бұрынғыға қарағанда көбірек төлеуі ықтимал.

Басқаша айтқанда, сақтандыру бағасы енді нақты жүргізушінің өзіне, оның тарихына және тәуекелді бағалауда маңызды деп саналатын басқа да факторларға көбірек байланысты болуы мүмкін.

Тағы бір өзгеріс түзету коэффициенттеріне қатысты. Оларды есептеу әдістемесін статистикаға сүйене отырып жаңарту жоспарланып отыр. Бұл тікелей бағаға әсер етеді. Коэффициенттер сақтандыру құнын төмендетуі немесе арттыруы мүмкін.

Жобаның мәтіні әзірге «Ашық НҚА» порталында толық жарияланған.

Осыған дейін депутат Нұрсұлтан Байтілесов Қазақстанда міндетті автосақтандыру жүйесін реформалауды және келген шығынды бағалаудың тәуелсіз механизмін енгізуді ұсынған еді.