Қоғам

Қызылордада «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» атты мерекелік шара өтті

Гүлдер және құстар фестивалі келушілерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қызылорда қаласындағы Президент саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz

Саябақта қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары мен жас суретшілердің шығармашылық туындылары қойылған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Гүлдер және құстар фестивалі келушілерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жиналған жұртшылықты бейбітшіліктің, келісімнің мерейлі мейрамымен құттықтады.

Мерекелік бағдарлама аясында этнос өкілдері өнер көрсетіп, көрермен қауымға ән-жырдан тарту ұсынды. Орындалған патриоттық шығармалар қоғамдағы бірлік пен татулық құндылықтарын кеңінен насихаттап, маңызын айқындай түсті.

Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен«Достық үйінің» жаңа ғимаратының іргетасы қаланған болатын.

Аймақ басшысының қолдауымен нысан биыл пайдалануға беріліп, онда V Ұлттық құрылтай өтті.

Бүгінде «Достық үйі» қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын маңызды рухани-мәдени орталыққа айналды.