Қоғам

Дубайда Қазақстан азаматы өмір бойына бас бостандығынан айырылды

СІМ себебін түсіндірді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандықтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Әлібек Бақаевтың айтуынша, қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енбеген. Себебі қорғаушылар апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты күдіктіні Қазақстанға қайтару мәселесін әзірге талқылау ерте.
Бұған дейін Қазақстан азаматы Ернұр Алмаханды Дубай соты бірінші сатыда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескені белгілі болған.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл үкім түпкілікті емес. Апелляциялық процесс жүріп жатқандықтан, экстрадицияға қатысты кез келген мәселе уақытша кейінге шегерілген.

Әлібек Бақаев Алмаханға нақты қандай айыптар тағылғанын ашып айтпады. Дегенмен олардың ауыр екенін жеткізді.

Еске салайық, Ернұр Алмахан және тағы бірнеше адам, оның ішінде Өзбекстан азаматтары да бар, 2025 жылғы жаңа жыл түні Дубайдағы виллаға жасалған қарулы шабуылға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер үй иесі мен оның жұбайына пышақ жарақатын салып, шамамен 1,2 миллион дирхам (327 мың АҚШ доллары шамасында) көлеміндегі қаражатты алып кеткен.