Спорт

Теннисші Зарина Диас кәсіби мансабын аяқтады

Зарина Диас қандай жағдай болса да, теннис өмірінің бір бөлшегі ретінде қала беретінін айтады.

Қазақстандық теннисші бұл таңдауының себебін былайша түсіндірді.

– Көпшілік менен неге мансабымды аяқтағанымды сұрап жатыр. «Әлі ерте еді, әлі ойнай алатын едің, жас едің» деп жазады.

Мен бұл шешімді жарақаттар маза бермегендіктен қабылдадым. Бір сәтте физикалық тұрғыдан өте ауыр болып, денем жай ғана «тоқта!» деді.

Бұл оңай шешім болған жоқ. Кәсіби мансапты аяқтау кез келген спортшы үшін қиын. Мен бұл қадамға ұзақ келдім, көп ойландым, күмәндандым, – дейді спортшы.

Зарина Диас бұның дұрыс таңдау болғанына сенеді.

– Өйткені, өз денемді тыңдадым. Әр адам өзіне не дұрыс екенін өзі шешуі керек, басқалардың сөзіне емес. Нағыз күш – осында.

Әрине, сағынамын. Сол эмоцияларды, жарыстарды, адреналинді ештеңе алмастыра алмайды. Бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Еш өкінбеймін.

Ал теннис… ол ешқайда кеткен жоқ, ол енді өмірімнің жаңа кезеңінің бір бөлігіне айналады, – деп жазды Зарина Диас әлеуметтік желідегі парақшасында.