дүйсенбі, 20 сәуір, 2026 12:57

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Кәсіпкер: "Түрмеден кейін бәрі өзгерді"

Кәсіпкер: "Түрмеден кейін бәрі өзгерді"
Фото: видеодан скрин
Кәсіпкер Гүлзада Сәлім Qasqa Jolна берген сұхбатында төрт жыл түрмеде отырып түйген ойлары мен өмірлік сабақтары туралы айтып берді.

Оның сөзінше, бұл кезең өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен. Кәсіпкер бұрынғыдай адамдарды сынамай, барынша сабырмен қарап, әр нәрсеге шүкіршілікпен қарауды үйренгенін жеткізді.

«Түрмеден кейін өмірге шүкіршілікпен қарайтын болдым. Бойымнан сыншылдық кетті. Адамдарды сынамайтын болдым. Құдай өзі біледі. Араласпаймыз, баға бермейміз. Қазақ қоғамына санасын өзгертетін уақыт келді. Халқымыз әлі күнге дейін бір-бірін сынау, көре алмау, өсек айтуда қалып қойған. Бұл жабайылықтың белгісі. Түрмеден шыққан, түрмеде отырған адамды да нашар, жаман деп қабылдаймыз. Сен әр сынаған адам үшін жауап бересің. Өзіңмен айналыс. Өзіңнің ішкі жан дүниеңмен айналыс, кітап оқы.

Түрмеге түскенде өзімді қазіргідей бірден керемет болып кеттім деп айтпаймын. Еңреп тұрып жыладым, стресске түстім, жүрегіме де, жүйкеме де тиді. Онсыз болмайды. Менде екі түрлі таңдау болды. Біріншісі жылап-сықтап, өзімді аяп отыра беру немесе «иә менің өмірімде осыгдай жағдай болды» деп қабылдау. Барлығы бұл өмірде Алланың қалауымен болады. Бұның бір маған қандай да бір пайдасы бар деп қабылдайсың. Мені соттаған тұлғаларға да, қиындық тудырған тұлғаларға да рахмет деп қабылдайсың да, кете бересің. Ең бастысы мұны мен біреу үшін жасаған жоқпын. Ең бастысы өзім үшін жасадым. Өмірге негативті көзқараспен қарасаң, жек көріп қарасаң сенің өміріңде ешқашан ештеңе болмайды», – деді ол.

Сондай-ақ ол түрмеден кейін өмірінде болған өзгерістерді де ашық айтты.

«Ол сабақ мені қайда алып келді? Ең бірінші өмірлік көзқарасым өзгерді. Бұл ең басты жетістік. Ең басты жетістігім бұл санамның өзгеруі, өмірге жеңіл қарау. Шынайы бақыттың не екенін сезіне бастадым. Қазір миллиардтарым жоқ, бірақ ішкі дүниемнің бостандығын мен сізге түсіндіре алмаймын», – деді кәсіпкер.

Оның пікірінше, қоғамда адамдар санасын өзгертуге жеткілікті мән бермей, тез байып кетуге ұмтылады.

«Мен кейде ойланамын неге қазақтар жұмыс істеуге арланады, білім алуға ерінеді деп. Барлығы минутта байып кеткісі келеді. Сананы өзгертуге, өзін өзгертуге тырыспайды. Сананың төмендігі ғой. Сондықтан біздің елде ұрлық көп. Біз жануар емеспіз ғой. Сана бар. Кредит ала берме! Біреуден көреді де қарызға кіреді. Бұл өмірге деген рационалды көзқарастың жоқтығы. Барлығы сананың дамуына байланысты. Менің халқым үшін жүрегім аурады, жаным ашиды», – деді ол.

Сонымен қатар, Гүлзада Сәлім абақтыдан шыққаннан кейін кейбір жақындарының өзінен теріс айналғанын да жасырмады.

«Түрмеден шыққанда менімен көпжылдық достарым да араласпай кетті. Оның барлығын басымнан өткергенмін. Оның барлығын мен түсініп, қабылдадым. Рахмет айттым барлығына. Қандай жағдай болмасын әр адамды ақтап алуға тырысу керек», – деді ол.

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар