Әлеумет

Астанада дәрігерлердің қауіпсіздігі күшейтілуде

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана қаласы прокуратурасы, полиция департаменті және әкімдік бірлесіп, №4 қалалық емханада медициналық қызметкерлерге арналған түсіндіру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап Oimaqnews.kz.

Кездесуде нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін еңбек заңнамасының нормаларын сақтау мәселелері түсіндірілді. Жыл басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына қатысты шамамен 288 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар есірткі таратумен айналысқан тұлғаларға қатысты 95-тен астам іс тіркелген. Заңсыз айналымнан шамамен 42 келі есірткі тәркіленген.

Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы Әлия Қибатқызының айтуынша, бұл құқықбұзушылықтарға көбіне жастар тартылады. Оның айтуынша, синтетикалық есірткілер аса қауіпті, себебі олар тез арада физикалық тәуелділік қалыптастырады. Мұндай заттар көбіне интернет және жасырын жарнамалар арқылы таратылады.

Мамандардың мәліметінше, ұсталғандардың кейбірі тіпті есірткі таратқанын білмеген күйде қылмысқа араласып кеткен. Ал есірткі жасырушылардың «карьерасы» әдетте екі айдан аспайды. Қылмыскерлер тыйым салынған заттарды тарату үшін түрлі тәсілдерді қолданады: граффити жазулар, QR-коды бар жарнамалар, парақшалар, штамптар және интернет-сайттар. Жыл басынан бері есірткі насихаттайтын 488-ден астам интернет-ресурс анықталған.

Полиция есірткі қылмыстары ауыр және аса ауыр санатқа жататынын еске салды. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес, есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасын көздейді. Құқық қорғаушылар азаматтарға есірткі сақтау немесе сату деректері белгілі болған жағдайда, сондай-ақ күдікті тұлғалар туралы ақпарат болса, полицияның сенім телефондарына хабарласуды ескертті.

Қоңыраулар тәулік бойы 71-63-93 және 102 нөмірлері арқылы қабылданады.

Сонымен қатар мамандар медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысы жоғары қауіп жағдайында өтетінін атап өтті. Оған мас немесе есірткілік мас күйдегі науқастарға бару сияқты жағдайлар да кіреді. Жедел жәрдем қызметі мамандарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа бақылау және қорғау шаралары енгізілуде. Барлық бригадада аудиомониторинг жүйесі орнатылған. Ол қызметкерлер арасындағы дауды азайтып, байланыс мәдениетін жақсартуға және заңдық қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, Қазақстан Қылмыстық кодексіне медициналық қызметкерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызмет барысында жасалған қорқыту және күш көрсету әрекеттері үшін жауапкершілік көздейтін 380-3-бап енгізілген.