Экономика

Елімізде несие алу қиындамақ

Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова елдегі несие нарығында өзгеріс басталғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы енгізілген шектеулердің әсерінен кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсімі баяулаған. Бұған дейін ұзақ мерзімге, шектеусіз сомада берілген қарыздарға сұраныс жоғары болса, қазір нарық қанығып, қызығушылық төмендей бастаған.

Агенттік несие сомасы мен мерзіміне шектеу қойып, талаптарды күшейткен. Соның нәтижесінде банктердің назары біртіндеп бизнеске бағытталуы мүмкін. Сонымен қатар, Ұлттық банктің резервтік талаптарды арттыруы да қаржы ұйымдарын корпоративтік несиелеуге көбірек көңіл бөлуге итермелейді.

Дегенмен, жоғары пайыздық мөлшерлеме сақталып отырғандықтан, корпоративтік несиелеуде күрт өсім болмайды. Соған қарамастан, өткен жылы бизнеске берілген несиелер көлемі 18%-ға артқан. Сарапшылар енді корпоративтік портфельдің өсімі тұтынушылық несиелерден асып түсуі мүмкін екенін айтады.