сенбі, 11 сәуір, 2026 23:37

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Астана қаласында «Тәжірибе кеңістігінде – жаңа ұрпақ тәрбиесі» атты республикалық ата-аналар форумы өтті

Астана қаласында «Тәжірибе кеңістігінде – жаңа ұрпақ тәрбиесі» атты республикалық ата-аналар форумы өтті
Фото: Oimaqnews.kz
Бүгін Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінде «Тәжірибе кеңістігінде - жаңа ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында республикалық ата-аналар форумы ұйымдастырылды.

Іс-шара білім беру мекемелеріндегі тәрбие үдерісін жетілдіру және отбасылық құндылықтарды ілгерілету мәселелеріне арналды.

Форумның негізгі мақсаты - «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын өңірлік білім беру ұйымдарында жүзеге асырудың тиімді тетіктерін әзірлеу. Жиын барысында мектептердің тәрбие жұмысындағы сабақтастықты нығайту, құндылыққа негізделген оқу-тәрбие процесін стандарттау және озық педагогикалық тәжірибелерді трансляциялау мәселелері қарастырылды.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, психолог-сарапшылар Ержан Мырзабаев пен Бағдат Ғалия баяндама жасап, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз сөйледі . Іс-шараны Orda FM радиосының директоры Айкерім Есенәлі жүргізді.

Талқылау аясында спикерлер «Адал азамат» концепциясы аясында ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңірудің стратегиялық маңыздылығына тоқталды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайцифрлық дәуірдегі тәрбие мәселесін ерекше атап өтті:

«Бүгінгі бала ақпараттың ішінде өсіп жатыр, ал ақпарат бейтарап емес - ол мінез бен құндылықты қалыптастырады. Біз баланы интернеттен қорғауды емес, интернетте дұрыс өмір сүруді, ақпараттық иммунитет қалыптастыруды үйретуіміз керек. Тәрбие бақылаудан емес, сенімнен басталады. Бала экранмен емес, адаммен, контентпен емес, құндылықпен өсуі тиіс. Бұл - ұлттық қауіпсіздік пен болмыстың мәселесі».

Биыл бес жыл толған дәстүрлі форумға еліміздің солтүстік өңірлерінен 350-ден астам ата-ана жиналды. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров ата-аналардың рөліне қатысты былай деді:

«Біздің негізгі мақсатымыз ​- бала тәрбиесі тек мектептің міндеті емес, бұл үдерісте ата-ананың да жауапкершілігі жоғары екенін түсіндіру. Мемлекет бекіткен тәрбие стандарттары мен құндылықтарын, әсіресе «Заң және тәртіп» қағидатын отбасы деңгейінде қалай жүзеге асыру керектігін жеткізіп жатырмыз. Тәрбие жұмысындағы мектеп пен ата-ана арасындағы өзара түсіністік пен қолдау - сапалы ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі».

Форум қорытындысы бойынша мектептердегі тәрбие жұмысының сапасын арттыруға және білім беру ортасында бірізді тәрбие жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық ұсынымдар қабылданды. Аталған бастамалар еліміздің оқу-ағарту саласындағы тәрбиелік басымдықтарды іске асыруға негіз болмақ.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар