Қоғам

Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері әкімдіктің меншігіне берілді

Бұл туралы елорданың мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мәлімдеді.

Сот үкімімен тәркіленген Перизат Қайраттың Астанадағы элиталық пәтерлері қала әкімдігінің теңгеріміне берілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  BES.media-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы елорданың мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мәлімдеді.

Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және Көк Жайлау тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақтар үкіметтің қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы орган ретінде Астана әкімдігінің есебіне алынған.

Департамент сот арқылы тәркіленген үш көлікті ғана өз есебіне алған. Оларды бағалау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде құны 79 121 985 теңгеге бағаланған Lexus LX 600 көлігі Қаржылық мониторинг агенттігінің теңгеріміне өтті. Ал бағасы 79 415 000 теңге болатын Mercedes-Benz S450 мен 11 939 000 теңге тұратын Haval H6 GT автокөлігі электронды сауда-саттық арқылы елордалық полиция департаментіне берілді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілде айында Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат алаяқтық пен қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Онымен бірге жасының ұлғайғаны ескеріліп, анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

Тергеу мәліметінше, олар су тасқынынан зардап шеккендерге, мүгедектігі бар балаларға және Таяу Шығыстағы қақтығыс құрбандарына көмектесеміз деген желеумен азаматтар мен ұйымдардан 3 млрд теңгеден астам қаражат жымқырған. Қазіргі уақытта Перизат Қайрат колонияда тазалаушы болып жұмыс істейді.