Алматы қаласының полициясы соңғы уақытта мегаполис көшелерінде тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп, мазасын алған қайыршылар тобын құрықтады. Әсіресе, 28 панфиловшылар саябағы мен орталық көшелерде жаяу жүргіншілерге агрессия танытқан қыздардың үстінен әлеуметтік желілерде шағым көбейген болатын, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің айтуынша, бұл топтың әрекеті жай ғана қайыр тілеуден асып кеткен. Олар өтіп бара жатқан адамдардың заттарына жармасып, ақша бермегендерге су шашып, тас лақтырған. Тіпті, дәмхана қонақтарының сөмкелерін тартып алуға оқталып, әйелдер мен балаларға қол көтерген жағдайлар тіркелген. Тұрғындар бұл әрекеттерден кейін балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаушылық білдірді.
Алматы қалалық Полиция департаменті жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, бөлімшеге жеткізілді. Анықталғандай, заңға қайшы әрекет еткен жасөспірімдер Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына орналастырылып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Полиция мәліметінше, жасөспірімдердің заңды өкілдері бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, аталған тұлғаларды Қазақстанның көші-қон заңнамасы аясында ел аумағынан мәжбүрлеп шығару (депортациялау) шаралары қарастырылып жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




