Әлеумет

Астанада 4–5 сәуір күндері жәрмеңке өтеді

Астанада алдағы демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Қала тұрғындары фермерлердің өнімін делдалсыз, қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңке 4 және 5 сәуір күндері өтеді. Онда еліміздің түрлі өңірінен келген отандық өндірушілер мен шаруалардың өнімдері ұсынылады.

Сауда сөрелерінде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, наубайхана өнімдері, ұннан жасалған тағамдар, табиғи шырындар, тосап пен джем секілді тауарлар болады. Ұйымдастырушылар бағаның нарықтағыдан төмен болатынын айтады.

Жәрмеңке Keryen Joly сауда орталығы аумағында сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

Қала тұрғындарының ыңғайы үшін жәрмеңке өтетін орынға №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағыттағы автобустар қатынайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер жергілікті өндірушілерді қолдауға және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.