Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Сот экс-шенеунікті алаяқтық жасағаны және пара алғаны үшін кінәлі деп танып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық эпизодтар Жақсылық Омардың Өскемен әкімі және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған кезеңіне қатысты. Бірінші жағдайда, ол материалдық көмек ретінде ресімделген құны 13 млн теңге тұратын 2021 жылғы Toyota Camry автокөлігін иемденген. Кейін бұл көлік үшінші тұлғаға қайта жазылып, жаңа үлгіге айырбасталған.
Екінші эпизод бойынша, Омар әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге талап еткені анықталды. Жәбірленуші Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, әрі қарайғы әрекеттер күш құрылымдарының бақылауымен өткен. Нәтижесінде делдал арқылы 6 млн теңге беріліп, ұстау кезінде оның 5,6 млн теңгесі тәркіленген.
Сотта прокурор айыпталушыны алты жылға соттап, мемлекеттік қызметте лауазымды орындарды иеленуге тыйым салуды сұрады. Қорғау тарапы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінгенімен, сот істі жеделдетілген тәртіппен қарап, қатаң үкім шығарды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






