Қоғам

Такси жүргізушісіне қатысты жағдай: қазақстандықтар жаппай қолдау білдіруде

Бұл жазба көптің жүрегіне әсер етіп, қолдау білдірушілердің саны арта түсті.

Әлеуметтік желіде такси жүргізушісіне қатысты болған жағдай кеңінен талқыланып жатыр. Оқиға Threads платформасында жарияланып, көпшіліктің назарын аударды.

Жазба авторы moon._.zzz-тің айтуынша, ол жұмысқа бара жатқанда “попутчикпен” бірге такси шақырған. Маршрут бойынша алдымен бірінші жолаушы базар аумағына түсуі тиіс болған. Алайда ол жерде ақылы шлагбаум (сағатына 100 теңге) бар екені анықталған.

Жүргізуші бұл туралы алдын ала ескерткен.  Кейін нақты баға белгілі болған кезде түсініспеушілік туындаған. Соның салдарынан жүргізуші ақылы аумаққа кірмей, көлікті кері бұруға мәжбүр болады.

Осыдан кейін жолаушы тарапынан жүргізушіге дөрекі сөздер айтылып, жағдай шиеленісе түскен. Жүргізуші сабыр сақтап, өз әрекетін түсіндіруге тырысқан. Ақырында ол жолаушыдан көліктен түсуін сұраған.

Куәгердің айтуынша, әйел адам көліктен түсер кезде жүргізушіге ауыр сөздер ғана айтпай, бетіне түкіріп кеткен. Бұл жағдай жазба авторына қатты әсер еткен. Оның сөзінше, жүргізуші де эмоциясын әрең ұстап тұрған.
Бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары бірден қолдау білдіре бастады. Көпшілік жүргізушінің жағдайына бейжай қарамай, қаржылай көмек көрсетіп жатыр.

Желіде адамдар аударым жасап, чектерін жариялап, өзгелерді де қолдауға шақыруда. Аз уақыт ішінде бұл үлкен қолдау толқынына айналды.
Кейін белгілі болғандай, жүргізуші жеті баланы асырап отырған әке. Бұл дерек көпшіліктің жанашырлығын одан сайын арттырды.

Сонымен қатар, қолданушылар такси қызметін ұсынатын компанияны белгілеп, жағдайға қатысты ресми пікір білдіруді және әлгі
жолаушы әйелдің қазақстандықтар алдында таксистен  кешірім сұрауын талап етуде.

Бұл оқиғадан кейін жүргізушінің қызы да пікір қалдырып, көпшілікке алғыс білдірді:

Бұл жазба көптің жүрегіне әсер етіп, қолдау білдірушілердің саны арта түсті.
Бұл жағдай қоғамда қызмет көрсету саласында еңбек ететін адамдарға деген қарым-қатынас мәселесін тағы бір мәрте көтерді. Көпшілік кез келген еңбек иесіне құрметпен қарау маңызды екенін атап өтуде.