Қоғам

Дүмше догманы тықпалаған қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп жатыр – Ермұрат Бапи

Бұл туралы депутат бүгін Мәжіліс отырысында айтты.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов атына жолдаған депутаттық сауалында интернет кеңістіктегі псевдодіни ақпараттардың ықпалына алаңдаушылық білдіріп, олармен күресті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.,

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде діни тақырыпты жамылып, қоғам санасына әсер ететін, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дінді бұрмалайтын тұлғалар көбейген. Ол мұндай құбылысты тек жеке мәселелер шеңберінде қарастыру жеткіліксіз екенін, бұл ұлттық мәдени бірегейлік пен ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін атап өтті.

Сауалда келтірілгендей, жуырда интернеттегі подкастардың бірінде өзін «имам» ретінде таныстырған азаматтың адамгершілікке де, заңға да қайшы мәлімдемелері қоғамда резонанс тудырған. 

Депутат мұндай әрекеттерді тек моральдық тұрғыдан емес, құқықтық тұрғыдан да бағалау қажет екенін айтты.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Наурыз мерекесін жоққа шығаратын пікірлердің таралуы да сынға алынды. Депутаттың пікірінше, бұл – халықтың ғасырлар бойғы дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне қарсы әрекет.

Ермұрат Бапи діни алауыздықты қоздыратын және теріс діни насихат жүргізетін тұлғаларға қатысты тек әкімшілік жаза жеткіліксіз екенін айтып, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормаларды қарастыруды ұсынды.

Оның айтуынша, әсіресе жастар әлеуметтік желілердегі мұндай ықпалға тез ұшырайды. Егер ақпараттық кеңістікте ресми және сенімді діни ұстаным жеткіліксіз болса, бұл орынды радикалды әрі қауіпті көзқарастар басуы мүмкін.

Теріс діндарлар риторикасындағы о дүниеге барып, көріп келгендей айтылатын махаббат жұмағы мен “нәпсі ләззатына кенелу” насихаты нақты руханияттан жұрдай, табиғи руханилықпен ешқашан сыйыса алмайды. Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту - харам! Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар - харам, ешқайсысын тойлауға болмайды. Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен! Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: “Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!”.

Сондай-ақ депутат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметіне де назар аударып, ресми діни институттар онлайн кеңістікте белсенді болып, қоғамдағы даулы мәселелерге дер кезінде үн қатуы тиіс екенін жеткізді.