Полиция жасақтары жаппай тексеріс жүргізіп жатқаны туралы аудиожазба тараған
ІІМ азаматтарды дүрбелеңге берілмеуге шақырды.
Қазақстандық мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Алматы қаласы мен Алматы облысының жолдарында Астана мен Қарағандыдан келген полиция жасақтары жаппай тексеріс жүргізіп жатқаны туралы аудиожазбалар тарады. Анонимді авторлар жүргізушілерді «ешкімге қоңырау шалып, мәселені шешу мүмкін емес» деп сақтандырып, тіпті үйден шықпауға кеңес берген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Таралған аудиожазбаларда келген экипаждардың жергілікті әріптестерімен байланысқа түспейтіні, сақтандыру немесе техникалық байқау құжаттары жоқ жүргізушілерді қатаң жазалап жатқаны айтылады. Сондай-ақ, бұл рейдтер Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен (ӨҚД) бірлесіп жүргізіліп жатқандықтан, кез келген «келісу» әрекеті нәтиже бермейтіні хабарланған.
Ішкі істер министрлігі Qaz365.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында бұл шаралардың жоспарлы екенін мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, күштік құрылымдарды өңірлер арасында қайта бөлу – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі стандартты тәжірибе. Мұндай қадамдар жедел жағдайды ескере отырып, профилактикалық жұмыстарды күшейту және практикалық көмек көрсету мақсатында жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Министрлік өкілдері бұл рейдтердің басты мақсаты – жол тәртібін нығайту және құқық бұзушылықтың алдын алу екенін қадап айтты. ІІМ азаматтарды дүрбелеңге берілмеуге шақырып, барлық іс-шаралардың заң шеңберінде және криминогендік ахуалды «сауықтыру» тактикасына сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.