Қостанайдан Нью-Йоркке 24 тонна қазақстандық ұн экспортталды
Қостанайдан Нью-Йоркке дейін Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 24 тонна қазақстандық ұн жөнелтілді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жөнелтілімді KTZ Express компаниясы ұйымдастырды. Жүк 2026 жылғы 10 наурызда жолға шыққан. Экспортталған өнімді Қазақстандағы ірі ұн тарту кәсіпорындарының бірі саналатын Salamat Company LLP өндірген.
Министрлік мәліметінше, қазақстандық ұнға халықаралық нарықта сұраныс артып келеді. Бұл шетелдік серіктестердің отандық өнімге тұрақты қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
Тасымал мультимодальды контейнерлік форматта, яғни теміржол мен теңіз көлігін кезектестіре пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде жүк контейнерге тиеліп, Қостанайдан Ақтау портына жеткізілді. Одан кейін Каспий теңізі арқылы Әзербайжанның Алат портына тасымалданып, әрі қарай Грузияның Поти портына жөнелтілді.
Кейін жүк Қара теңіз арқылы өтіп, Ыстамбұл бағытымен Жерорта теңізіне шықты. Соңғы кезеңде жүк Атлант мұхиты арқылы тасымалданып, Нью-Йорк портына жеткізіледі.
Теңіз арқылы тасымалдау әлемдегі ірі кеме қатынасы компанияларының бірі — CMA CGM серіктестігімен жүзеге асырылып жатыр. Жалпы транзит уақыты шамамен 58 күнді құрайды.
KTZ Express компаниясының мәліметінше, жүк жөнелтілген сәттен бастап соңғы жеткізу нүктесіне дейін толық бақылауда болады. Бұл логистикалық тізбектің сенімділігін және жаңа нарықтарға шығу бағыттарының тиімді екенін көрсетеді.
Айта кетейік, Қазақстанға эфиопиялық кофе экспортталуы мүмкін.