Қоғам

Павлодар облысымен іргелес өңірде жұқпалы дерт өршіп тұр

Ресейдің Новосібір облысындағы бес бірдей ауданда эпизоотикалық ахуал ушығып тұр. Құтырма және пастереллез ауруларының салдарынан өңірде карантин жарияланды.

Бірақ кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының дерегінше ірі қара малдарда кездесетін дерт сарып ауруының нақ өзі болуы мүмкін. Тұрғындар түліктегі ауру белгілері соған ұқсайтынын алға тартады. Көрші елдің іргелес жатқан өңіріндегі мұндай жағдай Павлодар облысы жұртшылығын да алаңдатты. Екі өңір арасында алыс-беріс көп болғандықтан, жұқпалы ауру бізге де жете ме деген қауіп бар. 

Десе де, Павлодар облысының ветеринарлық қызметі алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.

Жауапты басқарма өкілдерінің сөзінде, аймақта сарып ауруының белгілері байқалған жоқ. 

"Дей тұрған, кей аудандарда ірі қараның осыған ұқсас ауруға шалдыққаны тіркелді. Диагнозды нақтылау үшін түліктерден сынамалар алынып, астаналық зертханаға жіберілді. Нәтижесінде биологиялық сынамалардан сарып немесе басқа да қауіпті инфекциялар анықталған жоқ", - деп мәлімдеді басқарма басшылығы. 

Айта кетейік, биыл Павлодар облысындағы ірі қараны сарыпқа қарсы вакцинациялау үшін өңірге 1 705 635 доза екпе жеткізілген болатын. 

Сонымен қатар, бірнеше күн бұрын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ресейдегі эпизоотикалық ахуалдың нашарлауына байланысты біздің елде төрт түлікке жаппай екпе салу басталатынын айтқан еді.