Саясат

Қошанов депутаттарға жүктелген міндетті атады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында депутаттардың алдында аса маңызды, аса ауқымды міндеттер тұрғанын айтты.

Спикер бүгін Мәжілістің жаңа Ата заң қабылданғаннан кейінгі бірінші жалпы отырысы өтіп жатқанын айта кетті.

Оның сөзінше, бұл Ата заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новеллалар енгізген Президентіміздің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді.

Жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – біз үшін зор мерей. Бұған өңірлердегі кездесулер барысында да нақты көз жеткіздік. Депутаттар Коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты, - деп айтып, Қошанов депутаттық корпусқа шынайы алғысын білдірді.

Мәжіліс төрағасы депутаттардың жұмысы мұнымен бітпейтінін айтты.

Депутаттар Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдайды.

Сонымен бірге тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізеді.