«Диуани Хикмет» жаңа басылымы жарық көрді
Түркі-ислам руханиятының ең құнды жәдігерлерінің бірі саналатын Диуани Хикмет кітабы Түркияда жаңа ғылыми басылым ретінде жарық көрді, деп хабарлайды Oimaq.kz
Жинақты дайындаған түрік зерттеушісі Исмаил Таш, ал редакторлық жұмысын Ырмак Качар атқарған. Басылымда түркі дүниесінің ұлы ойшылы, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың әйгілі хикметтері жинақталып, ғылыми тұрғыда оқырман қауымға ұсынылған. Кітапта барлығы 251 хикмет қамтылған.
Бұл еңбек – тек әдеби жәдігер ғана емес, бүкіл түркі халықтарының рухани дүниесін қалыптастырған ілімнің маңызды қайнар көздерінің бірі. Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері ғасырлар бойы халық арасында ауызша да, жазбаша да кең таралып, имандылық пен адамгершілікке үндейтін рухани мектепке айналды.
«Диуани Хикмет» – түркі тілінде жазылған сопылық поэзияның ең көне әрі ықпалды шығармаларының бірі. Онда адамгершілік, әділет, сабыр, қарапайымдылық, Аллаға деген сүйіспеншілік пен рухани тазалық сияқты құндылықтар кеңінен жырланған. Ясауи ілімі ғасырлар бойы түркі халықтарының дүниетанымын қалыптастырып, олардың мәдениеті мен рухани өміріне терең ықпал етіп келеді.
Кітаптың кіріспе бөлімінде адамзат тарихының өркениеттер мен мәдениеттердің өзара ықпалы арқылы дамығаны атап көрсетіледі. Ғылым, өнер және мәдени құндылықтар адам баласының ақыл-ойынан туындап, өркениет дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналғаны айтылады. Осы тұрғыдан алғанда, Ясауи мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің ортақ игілігі ретінде бағаланады.
Түркияда жарық көрген бұл жаңа басылым Ясауи мұрасын кеңінен танытып, оны келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды мәдени қадам. Ғалымдар мен оқырмандар үшін құнды дереккөз саналатын кітап түркі дүниесінің рухани тамырын танытатын еңбектердің бірі болмақ.
Осылайша, «Диуани Хикметтің» жаңа басылымы өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір іспетті. 251 хикметті қамтыған бұл жинақ арқылы Ясауи бабамыздың даналыққа толы өсиеттері қайта жаңғырып, адамзатқа ортақ ізгілік, сабыр, имандылық пен бауырластық идеяларын жаңа буынға жеткізуді жалғастырып отыр.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА,
Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы
Ясауитану орталығының ғылыми қызметкері