Қоғам

Павлодарда киберполицейлер зейнеткердің 5 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды

Павлодар қаласының тұрғынына белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін домофон қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған.

Павлодар облысында киберполицейлер зейнеткердің 5 миллион теңгесін интернет-алаяқтардың қолына түсіп кетуден сақтап қалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz .

Полицияның мәліметінше, Павлодар қаласының тұрғынына белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін домофон қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар құрылғыны ауыстыру жоспарланып жатқанын айтып, тіркеуден өткізу үшін келген СМС-кодты айтуын сұраған. Қоңырау шалушыға сенген әйел келген кодты айтып берген.

Біршама уақыттан кейін оған қайтадан хабарласқан белгісіз тұлғалар СМС-код берілген соң оның деректеріне рұқсатсыз кіру болғанын айтып, өздерін құқық қорғау органдары мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар «қылмыскерлерді ұстау үшін» шоттағы ақшаны шұғыл түрде шешіп алып, әрі қарайғы нұсқауларды күту керектігін түсіндірген.

Алаяқтардың айтқанын орындаған зейнеткер қаланың екі екінші деңгейлі банк бөлімшесіне барып, қаражатын шешіп алу және несие рәсімдеу әрекетін жасаған. Алайда екінші банкке барған кезде қызметкерлер жағдайдан күдіктеніп, дереу полицияға хабар берген.

Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжановтың айтуынша, банк қызметкерлері мен полицейлердің қырағылығының арқасында алаяқтықтың жолы кесіліп, зейнеткер 5 миллион теңгеден айырылып қалудан аман қалды.

Зейнеткер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне уақытылы көмек көрсетіп, қаражатын сақтап қалуға жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан СМС-кодтарды айтуды, шоттағы ақшаны шешіп алуды немесе белгісіз адамдарға аударуды талап етпейді. Мұндай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарлау қажет.