Катар Иранмен соғыс үлкен апатқа әкелуі мүмкін екенін ескертті
Катар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджед әл-Ансари Таяу Шығыста жағдай өте қауіпті екенін айтты. Оның сөзінше, аймақта қазірдің өзінде үлкен соғысқа ұқсас жағдай қалыптасқан және бұл өте ауыр, апатты салдарға әкелуі мүмкін.
Бұл туралы ол 10 наурызда журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты. Дипломаттың айтуынша, Катар 2023 жылдан бері Иранмен байланысты жағдайдың ушығуы бүкіл әлемге әсер етуі мүмкін екенін айтып, үнемі ескертіп келеді. Оның сөзінше, тарихта мұндай қауіп туралы осыншалық жиі ескертілген жағдай бұрын болмаған.
Әл-Ансари Иран алдымен шабуылдарын тоқтатуы керек, содан кейін ғана дипломатиялық келіссөздер басталуы мүмкін деді. Ол Иранды Парсы шығанағындағы және басқа аймақтардағы азаматтық нысандарға соққы берді деп айыптады. Ал мұндай әрекеттер тек аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіреді.
“Егер бұл шабуылдар жалғаса берсе, гуманитарлық апат болуы мүмкін. Ал Катарға жасалған кез келген шабуылға біз міндетті түрде жауап береміз”, – деді ол.
Катар Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші елдерден кешірім сұрағаннан кейін шабуылдар тоқтайды деп үміттенген. Бірақ соққылар әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар Катар өкілі Ирандағы жаңа жоғарғы көшбасшы туралы пікір айтудан бас тартты.
“Қазір біз ең алдымен елімізді ирандық зымырандардан қорғаумен айналысып жатырмыз. Сондықтан саяси мәселелерді талқылауға уақыт жоқ”, – деп қосты ол.
Иран бірнеше рет мәлімдеме жасап, олардың нысанасы Парсы шығанағындағы АҚШ-тың мүдделері ғана екенін айтқан. Сондай-ақ Тегеран аймақтағы елдер АҚШ-ты қолдаса, оны өзіне қарсы дұшпандық әрекет деп қабылдайтынын ескерткен. Катар Сыртқы істер министрлігі бұған жауап ретінде елдің АҚШ-пен ғана емес, басқа да қорғаныс серіктестерімен стратегиялық байланысы бар екенін айтты.
Әл-Ансаридің сөзінше, қазіргі уақытта Катарды Patriot әуе қорғаныс жүйелері қорғап тұр. Бұл жүйелер АҚШ және басқа да еуропалық серіктестермен бірге елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.