Вьетнамда жоғалған қазақ қызы табылды
Вьетнамда жоғалған қазақ қызы табылған Әсем Әубәкірдің жағдайы алаңдатарлық, деп хабарлайды Oimaq.kz
Вьетнамда бірнеше күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен 25 жастағы қазақстандық Әсем Әубәкір аман-есен табылды. Бұл туралы бойжеткеннің әпкесі Рузана Жүсіпова хабарлады.
Қазіргі уақытта Әсем Вьетнамның жергілікті полиция бөлімшелерінің бірінде. Туыстарының айтуынша, бойжеткен тірі, бірақ оның жағдайы жақындарын қатты алаңдатып отыр.
Тергеу мүддесіне байланысты Әсемнің осы уақытқа дейін қайда болғаны және онымен нақты не болғаны туралы егжей-тегжейлі ақпарат әзірге жарияланбады.
«Ең бастысы — оның табылғаны. Бірақ жағдайы алаңдатарлық. Тергеу жүріп жатқандықтан, толық мәлімет бере алмаймыз», — деді Рузана Жүсіпова.
Қазіргі уақытта туыстары Әсемді елге қайтару мәселесімен айналысуда. Ол үшін ұшақ билеттерін ұйымдастыру және қажетті құжаттарды реттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, Әсем Әубәкір соңғы рет 6 наурыз күні Хошимин қаласында жүргенде байланысқа шыққан болатын. Ол жақындарына өзін біреулер аңдып жүргенін айтып үлгерген, содан кейін байланыс үзіліп кеткен еді. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл істі ерекше бақылауға алған болатын.