Қоғам

Көкшетауда қазақ әндерін қорлаған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Салон қызметкерлері арасында залда қойылатын әндерге байланысты түсініспеушілік туындаған.

Көкшетауда қазақ әндерін қорлады деген күдікпен әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Stan.kz ақпарат агенттігінің айтуынша, оқиға өткен жылдың соңында қаладағы шаштараздардың бірінде болған. Салон қызметкерлері арасында залда қойылатын әндерге байланысты түсініспеушілік туындаған.

Алмагүл Әлиеваның айтуынша, мекемеде негізінен орыс, түрік және грузин тіліндегі әндер қосылып жүрген, ал қазақ тіліндегі әндер қойылмаған.

Әріптестер арасындағы дау сол сәтте-ақ тоқтаған. Алайда оқиғадан кейін Әлиева полицияға арыз жазған.

Қазіргі уақытта қазақ әндерін қорлады деген күдікке ілінген әйелге қатысты «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша тергеу басталған.