Әлем

Шабуылдан аман қалған Исмаил Кани: ол неге күдікке ілінді?

Иранда Кани ұсталып, тергеліп жатыр деген мәліметтер пайда болды.

Иранда Исмаил Кани есімді әскери басшы бар. Ол – Ислам революциясы сақшылар корпусының «Құдыс» арнайы күштерін басқарады. Кани бұл қызметке 2020 жылы АҚШ соққысынан қаза тапқан Қасем Сүлейманиның орнына тағайындалған еді.

Соңғы уақыттағы АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары салдарынан Иранның бірқатар әскери-саяси басшылары опат болды. Қаза тапқандар қатарында елдің Жоғарғы көсемі Аятолла Әли Хаменеи, қорғаныс министрі Әзиз Насирзаде секілді ықпалды тұлғалар бар деген ақпарат тарады. Сондай-ақ Ислам революциясы сақшылар корпусының елуге жуық командирі көз жұмғаны айтылады.

Шабуылдан қалай аман қалды?

Осы оқиғалардан аман қалғандардың бірі – дәл осы Исмаил Кани.

Бүгінде Иранда Кани ұсталып, тергеліп жатыр деген мәліметтер пайда болды. Оған «Израиль пайдасына тыңшылық жасады» деген айып тағылғаны айтылуда.

Каниге қатысты күдікке оның соңғы жылдары бірнеше ірі шабуылдан аман қалуы да себеп болған. Мәселен:

2024 жылдың шілдесі. «ХАМАС» жетекшісі Исмаил Ханияға қарсы жасалған операцияның алдында Кани Ханиямен кездескен. Кейін Хания Иран президенті Масуд Пезешкианның инаугурациясынан соң Тегеранда өлтірілді.

2024 жылдың қыркүйегі. «Хезболла» қозғалысының көшбасшысы Хасан Насралланың көзі жойылар алдында Кани онымен де кездескені айтылады.

2025 жылдың маусымы. Кани ИРСК штаб-пәтерінен шыққаннан кейін көп ұзамай ғимаратқа Израиль тарапынан соққы жасалған. Бірақ генерал тағы да аман қалған.

Ирандық БАҚ-тардың хабарлауынша, соңғы шабуылдардың бірінде Кани Жоғарғы көсемнің резиденциясынан шыққаннан кейін шамамен бір минуттан соң нысанға соққы жасалған.

МОССАД АЙЫПТАУЛАРДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

Израильдің барлау қызметі – «Моссад» бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Мекеменің мәлімдемесінде:
«Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Исмаил Кани біздің агентіміз емес», – делінген.

Соған қарамастан, Иран билігі генералды ұстап, тергеуге алғаны туралы ақпараттар тарауда.

Канидің басқаруындағы құрылым соңғы жылдары ықпалын әлсіреткенімен, оның тұлғасы Ирандағы әскери-саяси жүйеде әлі де маңызды саналады.

Ал Иран басшылығының тірі қалған өкілдері – Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани мен армия қолбасшысы Әмір Хатами – мемлекеттік арналарға сұхбат беріп, АҚШ пен Израильге қарсы мәлімдемелер жасап жатыр. Ал Кани көпшілік алдына мүлде шықпаған.

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК:

Бұрын Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинежад бір сұхбатында былай деген еді:

«Израильмен күресетін құпия жасақ құрдық. Оны өте білікті адам басқарды. Бірақ кейін сол жасақ басшысының өзі Моссад агенті болып шықты».

Ал ливандық сарапшы Қасем Румолла да Израильдің Ирандағы әскери нысандарға дәл соққы жасауын түсіндіре отырып:

«Израиль тек барлау мәліметіне ғана сүйенбейді. Иранның әр саласында, тіпті жоғары билік эшелондарында да оның агенттері болуы мүмкін», – деген пікір айтқан.

Қазір әлеуметтік желілерде Канидің дарға асылғаны туралы да түрлі ақпараттар тарауда. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Сондықтан басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр:
Исмаил Кани шынымен сатқын ба, әлде бұл – үлкен геосаяси ойынның бір көрінісі ме?