Жыл басынан бері елордада 19 сталкинг ісі тіркеліпті
Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сталкинг үшін жауапкершілікті құқықтық реттеу және оны қолдану тәжірибесі туралы Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Өмірбаев пен Астана қаласы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық-құқықтық жеке норманы енгізу құқыққа қарсы мінез-құлықтың алдын алуға, азаматтардың жеке өмірін қорғауды күшейтуге және қоғамда қудалау мен психологиялық қысымға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға бағытталған.
Осылайша, заң шығарушы тікелей зорлық-зомбылықсыз жасалса да, азаматтың психологиялық жай-күйі мен жеке қауіпсіздігіне нақты зиян келтіретін мазасыз қудалау әрекеттерін нақты айқындап берді.
Сталкинг жасағаны үшін мынадай қылмыстық жауапкершілік көзделген: • 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл; • 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту; • немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу.
Егер қудалау зорлық-зомбылықпен, қорқытумен, бопсалаумен, жеке өмірге қатысты мәліметтерді заңсыз жинаумен немесе таратумен, сондай-ақ өзге де құқыққа қарсы әрекеттермен ұштасса, іс-әрекет Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша қосымша сараланады.
Қылмыстық жауаптылық жәбірленушіге нақты зиян келтірілген жағдайда туындайды. Мұндай зиянға жеке өмірге қол сұғу, жүріп-тұру еркіндігін шектеу, психологиялық зиян келтіру немесе жеке қауіпсіздігі үшін негізді қорқыныш тудыру жатады.
Профилактикалық жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Прокуратура, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде дәрістер, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізілуде. Қоғамдық орындар мен сауда-ойын-сауық орталықтарында ақпараттық материалдар таратылып, заңнама нормалары мен қудалау жағдайында әрекет ету алгоритмдері түсіндірілуде.
Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және өз құқықтарын қорғау тетіктері туралы хабардарлығын арттыруға ерекше назар аударылады.
Егер азамат мазасыз қудалауға тап болса: • қудалаушыға жауап бермеу және диалогқа түспеу; • барлық дәлелдерді (хабарламалар, скриншоттар, қоңырау жазбалары) сақтау; • әлеуметтік желілердегі жеке ақпаратқа қолжетімділікті шектеу және құпиялылық баптауларын өзгерту; • болған жағдай туралы жақындарына және әріптестеріне хабарлау; • қауіп-қатер туындаған жағдайда дереу ішкі істер органдарына жүгіну.