Әлем

Давос форумының басшысы Эпштейн ісіне қатысы болғаны үшін қызметінен кетеді

Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) бас директоры Бёрге Бренде Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты жүргізілген тергеуден кейін қызметінен кететінін мәлімдеді.

Бренде Давоста өтетін жыл сайынғы экономикалық жиынмен танымал ұйымды сегіз жылдан астам уақыт басқарған. Өз мәлімдемесінде ол бұл шешімді ұзақ ойланғаннан кейін қабылдағанын айтты.

Басшының отставкасына 2018–2019 жылдары жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталған қаржыгер Джеффри Эпштейнмен үш рет түскі ас ішкенін мойындауы себеп болған. Бұған қатысты тәуелсіз тексеріс жүргізіліп, екі тарап арасындағы хат алмасулар да жария етілді.

Бұрын Норвегияның сыртқы істер министрі болған Бренде Эпштейннің қылмыстық әрекеттері туралы сол кезде білмегенін айтты.

Британдық The Guardian басылымының жазуынша, жаңа басшы тағайындалғанға дейін ДЭФ президентінің міндетін уақытша бизнесмен Алоис Цвинги атқарады.

Эпштейн ісіне қатысты дау жалғасуда

Эпштейнмен байланысқа қатысты дау халықаралық деңгейде бірнеше ықпалды тұлғаның қызметтен кетуіне немесе тергеуге ілінуіне себеп болды.

Еске салайық, Эпштейн 2019 жылдың 6 шілдесінде Нью-Йоркте ұсталған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2002–2005 жылдары кәмелетке толмаған қыздарды заңсыз әрекеттерге тартқан. 2019 жылдың 10 тамызында ол түрме камерасында көз жұмды, содан кейін қылмыстық іс тоқтатылған.

Бұл іс әлемдік саяси және қаржылық элита өкілдерінің аты аталуына байланысты әлі күнге дейін қоғам назарында қалып отыр.