Щучинскіде жарылыс: Үкіметтік комиссия құрылды, 7 адам қаза тапты
Шыңғыс Әрінов бұйрығымен Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше оқиғаның себептерін анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссияға ТЖМ басшысы өзі төрағалық етеді. Құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Сауда және интеграция министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді.
Ведомство мәліметінше, комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты әрі объективті зерттеп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты ұйымдастырушылық шаралар әзірлеу тапсырылған.
Алдын ала дерек бойынша, Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласқан.
Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері шақырту түскеннен кейін бес минут ішінде оқиға орнына жеткен. Авариялық-құтқару жұмыстары барысында көлемі 50 литрлік бес газ баллоны мен екі оттегі баллоны қауіпсіз жерге шығарылып, қайталама жарылыстың алдын алған. Өрт ішінен 10 адам құтқарылды.
Қайғылы оқиға салдарынан 28 адам зардап шекті. Олардың 13-і ауруханаға жатқызылды, 8 адамға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. 7 адам көз жұмды.
Зардап шеккендерге, сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларына медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Ақмола облысының әкімдігі жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қолдау білдіреді. Бұған қоса, қаза болғандардың отбасына 2 млн теңгеден өтемақы берілетіні хабарланды.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жарылыстан зардап шеккен 5 адам Көкшетау қаласындағы ауруханаға ауыстырылған.
Ақмола облысы ТЖД жедел желі ашты: 8 (7162) 51-42-98.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты.